Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев облыстағы діни кадр даярлайтын «Ақтөбе медресе» колледжінің әлеуетін арттыру мақсатында облыс орталығынан 5 га жер бөлді. Бұл медресе-колледжін ауылдан қалаға көшіру арқылы медресенің базалық әлеуетін арттыруға, дәстүрлі бағытты дәріптеуге, жастарды деструктивті діни ағымдардан арашалауға, медресені Қазақстанның Батыс аймағындағы Ислам орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл медресе-колледждің іргетасын Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қалады.
Медресе оқу корпусы, жатақхана, кітапхана, әлеуметтік баспана, сауда үйі, мейрамхана, мешіт сондай-ақ қосымша инфрақұрылымдардан тұратын біртұтас Ислам Орталығының құрылысы Ақтөбе қаласы Оңтүстік-Батыс 2 ықшамауданынан бой көтереді. Негізгі инвестициялар осы заманауи digital-маркетингті қолдана отырып, қайырымдылық арқылы жиналады деп жоспарлануда.
Жоба жетекшісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Ақтөбе – еліміздің қарқында дамып келе жатқан аймағы болып табылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақтөбе қаласының экономикалық-географиялық жағынан тиімді орналасуын ескеріп, Ақтөбені миллион тұрғыны бар алып мегаполиске айналдыруды тапсырды. Агломерациясы демографиялық және мәдени тұрғыдан дамып келе жатқан алып шаһар халқының арасында дәстүрлі ислам құндылықтары мен ұлттық тәрбие һәм салт-дәстүрімізді дәріптеу маңызды мәселе болып отыр.